
2021 жылы 26 қарашада «PlasmaScience» ЖШС-де «Қазіргі заманғы триботехникалық материалдар» атты тақырыпта ғылыми семинар өтті. Семинарға Польша елінің Вроцлав ғылым және техника университетінен келген шетел ғалымдары қатысты.
2021 жылы 26 қарашада «PlasmaScience» ЖШС-де Piotr Kowalewski мен Małgorzata Rutkowska-Gorczycaның бастауымен Польша елінің Вроцлав ғылым және техника университетінен келген шетел ғалымдарының алдында «Қазіргі заманғы триботехникалық материалдар» атты тақырыпта ғылыми семинар өтті.
Семинардың мақсаты – докторанттардың дипломдық жұмыстарының зерттеу нәтижесін шетел ғалымдарының алдында көрсету және шетел ғалымдарының ғылым саласындағы жетістіктерін тыңдау. Жалпы, осындай ғылыми іс-шаралар әр түрлі елдердің жоғары оқу орындарының арасындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді, бірігіп ғылыми зерттеулер өткізуге мүмкіндік береді.
Семинарға Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-нің магистранттары мен докторанттары және С.Аманжолов атындағы ШҚУ- нің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері қатысты.
Семинардың басын «PlasmaScience» ЖШС-нің директоры Рахадилов Бауыржан Корабаевич ашып берді. Сөз басында осындай семинарлардың тұрақты негізде жиі өткізіліп отыратындығын айтып, «PlasmaScience» ЖШС-нің ашылу тарихымен және материалдық базасымен таныстырып өтті.
– Біздің өндірістік база өте жас, бірақ осы уақыт ішінде біз өзіміздің материалдық базамызды жаңа инновациялық қондырғылармен жабдықтандыра отырып, көршілес жатқан бірнеше жоғарғы оқу орындарымен келісімшарт жасасып үлгірдік. Біздің өндірістік база ынтымақтастық үшін әрдайым ашық. Бізде барлық тараптар үшін тиімді бастамалар мен жобалар көп, – дейді «PlasmaScience» ЖШС директоры Рахадилов Бауыржан Корабаевич.
Семинар барысында Польшадан келген шетел университеттерінің ғалымдары атап айтқанда, Вроцлав ғылым және техника университетінен, доктор Piotr Kowalewski сөз сөйлеп, «Трибология» тақырыбында баяндама жасап, өздерінің шетелдік тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, осы университеттен келген доктор PhD Małgorzata Rutkowska-Gorczyca «Жарық өткізгіш электрондық микроскоп» атты тақырыбында баяндамасын оқыды және семинарға қатысып отырған докторанттар мен магистранттарды университеттеріне тағылымдамадан өтуге шақырды, әрі материалдардың электрондық диаграммаларын талдауда барынша болысатындығын айтты.
Сондай-ақ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 8D05301-«Физика» мамандығының докторанты Бүйткенов Дастан мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дің 8D05301-«Техникалық физика» мамандығының 1 курс докторанты Кәкімжанов Дәуір «Cr3C2-NiCr дуплексті жабындарын құрамдастырылған газ детонациялық тозаңдату және импульстік-плазмалық өңдеу әдісімен болатқа қаптау» және «Импульсті-плазмалық өңдеуге дейін және одан кейін титан карбосилициді негізіндегі детонациялық жабындардың құрылымдық-фазалық күйлері мен қасиеттері» атты тақырыптары бойынша ғылыми жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, болашақта қандай мәселелерді шешуге болатындығын айтты.
Семинарды С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Сағдолдина Жұлдыз Болатқызы «Беттік инженерия және трибология базасының жетістіктері» атты қорытынды баяндамасымен аяқтады. Шетел ғалымдары жаңадан құрылған «PlasmaScience» ЖШС-нің одан әрі дамуы мен өркендеуіне өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ынтымақтастық шеңберінде көмек қолын әрдайым созуға дайын екендіктерін айтты.
Жалпы алғанда, ғылыми семинар іс-шарасы қызықты әрі жемісті болды. Пікір алмасу және баяндамаларды талқылау докторанттар мен магистранттардың ғылым саласына деген қызығушылықтарын көрсетті.